Ақмола облысында екі ауыл ішімдіктен толықтай бас тартты

Автор: Асыл Арман

Қанай би ауылдық округінде тыныш әрі салауатты өмір қалыптасты

Фото: Polisia.kz

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Қанай би ауылдық округіне қарасты екі елдімекен алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тартты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ауыл тұрғындары алкоголь ішімдіктерін тұтынудан өз еркімен бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануда.

3 жылда қылмыс та, ұсақ бұзақылық та тіркелмеген

Ауылдық округтің әкімі Медет Ақмағамбетовтің айтуынша, бұл елдімекендерде соңғы үш жыл ішінде бірде-бір қылмыс, отбасылық жанжал немесе тіпті ұсақ бұзақылық та тіркелмеген. Бұл — қоғамда байсалды тұрмыс салтының нақты нәтижесі.

«Зиялы қауым» бағдарламасын жұртшылық қолдады

Мұндай оң өзгерістерге «Зиялы қауым» бағдарламасы себеп болды. Бастаманы полицейлер ұсынған, ал оны жергілікті атқарушы билік, жұртшылық және тұрғындар белсенді қолдап, іске асырды. Бағдарлама аясында профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, жастармен жүйелі жұмыс жүргізілуде.

11 ауыл ішімдік сатуды доғарды

Зеренді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Ернар Садырбаев қазіргі таңда өңірдегі 11 ауылда алкоголь өнімдері мүлде сатылмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бастамаға басқа ауылдар да қызығушылық танытуда, сондықтан болашақта салауатты ауылдардың саны артады деген сенім бар.