Насыбай жою акциясы қоршаған ортаға зиян келтірмейді
Астана қаласы аумағында аудандық әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының бірлескен рейдтік іс-шаралары барысында 5 тонна насыбай тәркіленіп, жойылды. Бұл өнімнің жалпы құны 25 миллион теңгеден асады. Тәркіленген насыбайдың барлығы жойылып, қауіпсіздік шаралары сақталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Акция «Заң және тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, насыбай жою шарасы елорданың өндірістік базасында медициналық қалдықтарды утилизациялауға арналған арнайы қондырғыда өтті. Бұл қондырғы «Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» тізілімінде бар және термиялық жолмен өнімдерді жою қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Процесті арнайы комиссия қадағалап отырды.
Рейдтік іс-шаралар барысында Астана қаласының алты ауданында 500-ден астам сауда орны тексерілді. Полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың 100-ден астам дерегінанықтап, барлық өнім тәркіленді.
Құқық бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 196-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік айыппұл мөлшері – 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК).