Атырауда мектеп бухгалтерінің былығы қызметі жоғарылағаннан кейін әшкере болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол 49 млн теңге жымқырғаны үшін сотталып кетті

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Атырау қаласында мектеп-интернаттың бас бухгалтері ерекше ірі көлемде алаяқтық жасады деп танылып, сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық соттың ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Электронды қолтаңбаны заңсыз пайдаланған

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы 2023 жылдың маусым айынан бастап аталған мектепте бухгалтер, ал қыркүйек айынан бастап бас бухгалтер қызметін атқарған.

Ол 2023 жылдың маусымынан 2024 жылдың қазан айына дейін мекеме директорының сенімін пайдаланып, оның электронды қолтаңбасын «1С» және «Парус» жүйелерінде заңсыз қолданған.

Осы жүйелер арқылы ол негізсіз түрде өз шотына және сенімді адамдардың шоттарына ақша аударып, 49 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.

Кінәсін мойындады, бірақ жазадан құтылған жоқ

Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне шын ниетпен өкінетінін білдірді. Кінәсі жәбірленушінің өкілі мен куәгерлердің көрсетулерімен, тергеу іс-шараларының хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен және нақты дәлелдермен расталды.

Жаза жеңілдетілді: 5 жылға шартты түрде

Сот айыпталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін және оның өкінуін ескеріп, Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігін қолдана отырып, жаза өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды.

Сонымен қатар, ол 5 жыл бойы материалдық жауапкершілік жүктелетін лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Айта кетейік, Атырау қаласындағы №2 сот шығарған үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.