Үлкен Алматы айналма жолының (ҮАААЖ) алғашқы нәтижесі жарияланды
Алматыдағы айналма жол алғаш ашылған 2023 жылы көлік қозғалысын 30%-ға азайтқан. Алайда 2025 жылы Алматыдан шығатын жолдарда қозғалыс қайтадан 40%-ға артып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Sergek ITS компаниясының мәліметтеріне сәйкес, ҮАААЖ іске қосылған сәтте Құлжа мен Ташкент бағыттарындағы көлік ағыны орта есеппен 30%-ға дейін төмендеген.
Мысалы, 2023 жылдың 1-15 маусым аралығында Құлжа тасжолы арқылы Алматыдан 74 мыңнан астам көлікшыққан болса, ҮАААЖ іске қосылғаннан кейін, 16-31 шілде аралығында бұл көрсеткіш 48 мыңға дейін төмендеген.
Осыған ұқсас жағдай Ташкент тасжолында да байқалған. Маусым айының басында бұл бағытпен 172 мың көлік өтсе, шілде айында бұл сан 116 мыңға дейін қысқарған.
Мамандар мұны транзиттік көліктердің қаланы айналып өтіп, жаңа жол арқылы жоғары жылдамдықпен қозғала алатын мүмкіндігімен байланыстырып отыр.
Алайда, 2025 жылдың көктемінде Құлжа мен Ташкент тасжолдарындағы көлік ағыны қайтадан артқаны байқалды – шамамен 40%-ға. Бұл ҮАААЖ алғаш іске қосылған кездегі көрсеткіштермен салыстырғанда тіркеліп отыр.
Sergek Group компаниясы бұл жағдайды қалалық автокөлік санының жедел өсуімен және Алматы тұрғындарының көбеюімен байланыстырады. Яғни, ҮАААЖ қысқа мерзім ішінде жол қозғалысын жеңілдеткенімен, ұзақ мерзімді перспективада қосымша көлік инфрақұрылымы мен басқару шешімдерін қажет етеді.
ҮАААЖ жобасы алғашқы кезеңде өзін тиімді көрсеткенімен, Алматы агломерациясында көлік тығыздығы мәселесі қайтадан өзекті бола бастады. Бұл қалалық жоспарлау, тұрақты көлік стратегиясы және қоғамдық көлікті дамыту бағытында жаңа қадамдарды қажет етеді.