Оралда жалған туристік агент құрған әйел адам бес жылға сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Жалған турфирма заңды бизнестей көрінген

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Орал қаласының тұрғыны өзінің анасын жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, соның атымен жалған туристік қызмет көрсетуді ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, ол әлеуметтік желілерде жарнама жариялап, клиенттермен ресми келісімшарттар жасап, тіпті фискалдық чектер де ұсынған. Байланыс мессенджерлер арқылы жүргізілген. Бұл әрекеттер оның сенімді туристік агент ретінде көрінуіне мүмкіндік беріп, көптеген азаматтардың алдануына себеп болған.

15-тен астам адам алаяқтың құрбанына айналды

Қылмыстық әрекеттің нәтижесінде 15-тен астам адам зардап шеккен. Залалдың жалпы сомасы 25 миллион теңгеден асып түскен. Алаяқтың ұйымдастырған схемасы турпакеттерді уәде етіп сатқанымен, шын мәнінде ешқандай қызмет көрсетілмеген.

Сот үкімі: бас бостандығынан айыру және кәсіби шектеу

Орал қалалық сотының шешімімен әйел аса ірі көлемде екі және одан да көп адамға қатысты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкіміне сәйкес, ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ 7 жыл мерзімге туризм саласындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.