Ақтөбе облысында бес коммуналдық мекеме суды заңсыз пайдаланған

Автор: Дәулет Ботагөз

Кәсіпорындар 3,7 млн теңге айыппұл төледі

Фото: pixabay

Ақтөбе облысында бес коммуналдық кәсіпорын жер асты суларын заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңбұзушылық қай өңірлерде анықталды?

Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының Ақтөбе бөлімінің мамандары су ресурстарын пайдалану мен қорғау тәртібіне қатысты тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады.

  • Кобда және Қарғалы аудандарында,
  • Ақтөбе қаласының Ақжар-1, Қызылжар, Қарғалы, Жоғары Қарғалы, Орлеу және Сазды тұрғын аудандарында рұқсатсыз су тұтыну фактілері тіркелді.

Тексеру барысында екі коммуналдық кәсіпорынның жер асты суын тұтынуға арналған арнайы рұқсаты жоқ екені белгілі болды.

Қанша айыппұл салынды?

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-тармағына сәйкес, бес коммуналдық шаруашылыққа жалпы көлемі 3,7 миллион теңге айыппұл салынды», – деді Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ерғали Үмбетаев.

Басқа өңірлердегі ұқсас жағдайлар

  • Қызылорда облысында алты шаруа қожалығы 2,3 миллион текше метр суды заңсыз пайдаланғаны анықталған.
  • Түркістан облысында 24 тіркелмеген су сорғы станциясы табылған – бұл деректер Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы мен Шардара ауданының прокуратурасы бірлесіп жүргізген тексеру нәтижесінде белгілі болған.

Неліктен бұл мәселе өзекті?

  • Қазақстандағы су тапшылығы жылдан-жылға ушығып барады;
  • Жер асты су көздерін рұқсатсыз немесе бейберекет пайдалану экожүйеге үлкен зиян келтіреді;
  • Су ресурстарын тиімді басқару – елдің аграрлық және өнеркәсіптік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық мәселе.