Астана мен Ырғыз арасын 573 шақырымға қысқартатын жол салынып жатыр

Автор: Алмас Ерсін

Жаңа жол орталықты батыспен тікелей байланыстырады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қостанай облысында "Орталық – Батыс" автожол дәлізінің құрылысы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жолдың ұзындығы – 865 шақырым

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше құрылыс жұмыстары бір уақытта екі нүктеде – Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Жанкелдин ауданына қарасты Торғай ауылында басталды.

«Құрылыс "Астана – Жәнтеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз" бағыты бойынша жүргізіліп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы – 865 шақырым» , - деп жазылған хабарламада.

Астана мен Ырғыз арасы қысқарады

Жаңа жол дәлізі Қазақстанның орталық бөлігін батыс өңірлермен тікелей байланыстырады.

«Сонымен қатар ол Қазақстанды Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығуға мүмкіндік береді. Жаңа бағыттың арқасында Астана мен Ырғыз арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқарады», - деп хабарлады үкімет.

Құрылыс жұмыстарының барысында экологиялық мәселелерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Киіктердің қоныс аудару аймақтарында жолдың көлденең профилін өзгерту қарастырылған, 1:10 еңіс жануарлардың еркін әрі кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді.