Сметов өзінің байырғы қарсыласы Рюдзю Нагаямамен тілдесті
Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов әлем чемпионатында жерлестерін қолдауға барғанда жапониялық танымал балуан Рюдзю Нагаямамен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл күндері Будапештте (Венгрия) дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан құрамасын қолдауға барғандардың арасында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов те бар. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода Сметов су жаңа әлем чемпионы, өзінің байырғы қарсыласы Рюдзю Нагаямамен тілдесіп, оның екі жасар ұлымен қол алысып амандасқанын көруге болады.
«Менің ұлымның жасы үште. Енді өскенде балаларымыз күреседі», - деп күлді балуан.
Айта кетері, биылғы әлем біріншілігінде Нагаяма 60 келіде қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Ал Париж олимпиадасында ол қола жүлде иеленген болатын.
Еске салайық, Елдос Сметов Парижден келген бойда Лондонға қоныс аударып, бірнеше ай бойы ағылшын тілін сол жақта оқыды. Қазір ол тіл курсын тәмамдап, елге оралған.