Қарағандыда дәрігерлер соққыға жығылды: министр мәлімдеме жасады

Автор: Алмас Ерсін

Әлназарова бұл өз өмірін өзгенің өмірін құтқаруға арнаған жандарға қарсы жасалған сорақы зорлық-зомбылық екенін атап өтті

Фото: instagram.com/p/DK3xkiZoW8t/?img_index=2pixabay

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пациенттің туысы ұрып-соққан Қарағанды қалалық балалар ауруханасының екі дәрігеріне арнайы барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Бұл жай ғана бұзақылық емес

Медицина қызметкерлері ауыр жарақат алды — миы шайқалып, мұрын сүйегі сынған, денелері көгеріп, қанталаған. Қазір олар облыстық аурухананың шұғыл нейрохирургия бөлімшесінде, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Әлназарова бұл жай ғана бұзақылық емес, өз өмірін өзгенің өмірін құтқаруға арнаған жандарға қарсы жасалған сорақы зорлық-зомбылық екенін атап өтті.

«Мұндай агрессиялық көріністерге ешқашан жол берілмеуге тиіс және құқық қорғау органдары қатаң шаралар қолданып, қоғам тарапынан ашық айыпталуы қажет. Біз медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту бағытында бірқатар нақты қадам жасадық, бірақ мұндай оқиғалар олардың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр», - деп жазды министр желідегі парақшасында.

Жауапкершілік күшейтіледі

Оның айтуынша министрлік дәрігерлерге қатысты агрессиялық әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы бастама көтерген, ауруханаларда, емханаларда бейнебақылау орнатылды, кабинеттер «дабыл түймелерімен» жабдықталды.

«Медицина қызметкерлері тек физикалық емес, моралдық-психологиялық зорлық-зомбылыққа — орынсыз айыптау, көпшілік алдында тіл тигізу сияқты әрекеттерге ұшырағанда, бұл медицинадағы ең маңызды нәрселердің бірі — пациент пен дәрігердің арасындағы сенімді жояды және қоғамда шектен шығуға жол ашатын қауіпті үрдісті қалыптастырады», - деп толықтырды Әлназарова.

Ол денсаулық сақтау министрі ретінде медицина қызметкерлерінің құқықтарын әрдайым қорғап, тек қана әділ жазалауды емес, сонымен бірге олардың кәсіби міндетін атқару барысында қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелі шараларды жүзеге асыру жолында жұмыс істейтінін атап өтті.