Ұлттық құрылтайдың «100 кітап» жобасына дауыс беру жалғасып жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Финалдық тізім 10 тамызда жарияланады

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Отандық әдебиеттің ең танымал 100 туындысын анықтауға арналған жалпыхалықтық сауалнама аяқталуына бір айдан сәл ғана астам уақыт қалды. Бүгінде дауыс беруге 16 мыңнан астам азамат қатысқан. Сауалнама eGov Mobile қосымшасы арқылы онлайн форматта өтіп жатыр және 23 шілдеге дейін жалғасады. Финалдық тізім Абай күні – 10 тамызда жарияланады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дауыс беру тәртібі

Дауыс беру өте оңай – eGov Mobile мобильді қосымшасын жүктеп, «Сауалнамалар» бөліміндедауыс беру жеткілікті. Қатысушы 1-ден 10-ға дейін кітапты таңдап, олардың атауы мен авторын көрсетуі тиіс.

Сауалнаманың маңызы

Мамандардың айтуынша, бұл сауалнама қазақстандықтардың қандай жанрларға көбірек қызығатынын анықтауға көмектесіп қана қоймай, баспагерлерге, кітапханаларға және кітап дүкендеріне бағыт береді.

Жобаның бастамасы

Жоба биыл 23 сәуірде – елімізде алғаш рет Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсынысымен атап өтілген Ұлттық кітап күні дүниеге келді. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Президент қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мен әдебиетті насихаттаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын.

Сыйлықтар мен ынталандыру

Сонымен қатар, «100 кітап» жобасы аясында қатысушыларға символикалық сыйлықтарқарастырылған. Жобаның серіктесі – «Меломан-MARWIN» дүкендер желісінің қолдауымен 5000-ші және 11000-ші дауыс берушілерге сыйлық карталары табысталды. Бұл оқырмандар үшін жағымды тосынсый болып қана қоймай, азаматтарды сүйікті 100 кітапты таңдауға белсенді тартуға қосымша ынталандыру болды.

  • 5000-ші дауыс берген – алматылық Акерке Нышанова
  • 11000-ші қатысушы – Орал қаласының тұрғыны Марал Жұмағалиев

«Кітап-AMANAT» жобасы

Айта кетейік, оқу мәдениетін ілгерілету ісіне «AMANAT» партиясы да белсенді атсалысуда. 2023 жылғы қыркүйектен бастап партия «Кітап-AMANAT» жобасын іске асырып келеді. Жоба аясында ел бойынша, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда 23 кітап орталығы ашылды.

Бұл орталықтарда әдеби кештер, жазушылармен кездесулер, мәнерлеп оқу сайыстары ұйымдастырылды. Жалпы саны 700-ден астам іс-шара өткізілген. Сонымен қатар, жоба аясында «AMANAT» партиясы мен Қазақстанның баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат аясында баспалар кітап орталықтарын қолжетімді бағамен қажетті әдебиеттермен қамтамасыз етуде. Бұл тек қазақстандық әдебиет туындылары ғана емес, сонымен бірге әлемдік бестселлерлерді де қамтиды.

Сауалнама туралы толығырақ мына сайттан білуге болады: https://100kitap.kz/