«Тендер жеңіп беремін»: Ақтөбе облысында жұртты алдап жүрген жалған блогер ұсталды

Автор: Асыл Арман

Ол жұртты алдап 10 млн теңгесін қағып алған

Фото: pixabay

Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтық фактісі бойынша арызданды. Белгілі болғандай, блогер ретінде таныстырған адам жұртты алдап, ақша алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеру нәтижесінде 2024 жылдың соңында өзін блогер ретінде көрсеткен аудан орталығының 35 жастағы тұрғыны төрт азаматтың ақшалай қаражатын алдау арқылы иемденгені анықталды.

«Күдікті жәбірленушілердің біріне балабақшаға жұмысқа орналастыруды, екіншісіне жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдесуді, сондай-ақ тендер «жеңіп беруді» уәде еткен.

Төрт жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын он миллион теңгеден асты.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы азаматтың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен басқа да тұлғалардан Мұғалжар аудандық полиция бөліміне хабарласуларыңызды сұраймыз», - делінген облыстық ПД хабарламасында.