Ол жұртты алдап 70 млн теңге тапқан
Ақтауда көпқабатты тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді заңсыз сатқан азамат 70 миллион теңге көлеміндегі үлескерлердің қаражатын иемденгені үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңғыстау облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізген тергеу барысында Корниенко Н.Н. ешқандай заңды өкілеттігі болмаса да өзін «СК 2032» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы ретінде көрсетіп, «МИЗАМ» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерге қатысты 9 келісімшарт жасағаны анықталды.
Жалған келісімшарттар арқылы ол азаматтардың 70 миллион теңге көлеміндегі қаражатын иемденіп, жеке мақсатына пайдаланған.
Тергеу нәтижесінде сот санкциясымен құны 200 млн теңге болатын 8 мың шаршы метр жер теліміне тыйым салынды. Бұл мүлік жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу үшін пайдаланылатын болады.
Сот Корниенко Н.Н.-ді 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ол келтірілген шығынды өтеуі тиіс.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға қаржы алаяқтықтарынан сақ болуға кеңес береді. Қазіргі таңда қаржы пирамидаларының белгілерін анықтауға көмектесетін арнайы Telegram-бот – «Baiqa, piramida!» жұмыс істейді.