Жедел жәрдем жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен
Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында жедел жәрдем көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысып, бірнеше адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мой город» басылымының мәліметінше, жол апаты Орал қаласындағы Шолохов пен Сергей Тюленин көшелерінің қиылысында болған.
Hyundai Solati маркалы жедел жәрдем көлігі мен Hyundai Accent жеңіл автокөлігі соқтығысқан.
БҚО Полиция департаментінің хабарлауынша, жедел жәрдем жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп, жеңіл көлікке соғылған.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Жол-көлік оқиғасының нақты мән-жайы анықталуда.
Ал Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы жарақат алған азаматтардың жағдайы бойынша әзірге ресми пікір білдірген жоқ.