Тоқаев болгариялық компаниялармен, инвесторларымен өзара іс-қимылды қолдайтынын айтты
Астанаға ресми сапармен келген Болгария президенті Румен Радев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария делегациясының жоғары деңгейде келгеніне тоқталып, бұл сапар екіжақты байланыстарды дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Қазақстан экономикалық әріптестікті әртараптандыруға мүдделі. Энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді мемлекет басшысы.
Президент Тоқаев Болгария компаниялары мен инвесторларымен өзара іс-қимылды қолдайтынын айтты. Бұл тұрғыда Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның рөлі ерекше екені атап өтілді.
Румен Радев Қазақстан тарапына көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, стратегиялық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін жеткізді:
«Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі деп санайды. Азия мен Еуропаны байланыстыруда біздің елдердің геосаяси орналасуы маңызды рөл атқарады», – деді ол.