Ол есірткіні сату үшін емес, өзі тұтыну үшін сақтап жүрген
Батыс Қазақстан облысының Тасқала аудандық сотында Қырғызстан азаматына қатысты есірткіге байланысты қылмыстық іс қаралды. Ол Қазақстан шекарасы арқылы марихуана тектес зат – гашишті заңсыз алып өтпек болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы 2025 жылдың сәуірінде Мәскеуде танысының үйінде 0,39 грамм гашиш сатып алып, оны курткасының қалтасында сақтаған. Ер адам есірткіні жеке тұтыну үшін алғанын мойындады.
Кейін ол «Toyota Estima» көлігімен жолаушы ретінде Қазақстанға келе жатқанда, «Тасқала-Автомобиль» шекара бекетінде ұсталды. Есірткі заты оның өз еркімен берілгені атап өтілді.
Сот ер адамды заңсыз иемдену, сақтау және Қазақстан шекарасы арқылы өткізуге әрекеттенгені үшін кінәлі деп танып, оған 786 000 теңге көлемінде айыппұл салды. Айыппұл нақты есірткі затын сатуға емес, сақтауға және алып өтуге ниеттенгені үшін берілген.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ, тараптар апелляциялық шағым түсіру мүмкіндігіне ие.