Үш күндік тәулік бойғы жұмыстан кейін жол қайта ашылды
Тараз – Шымкент бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолда болған ірі жол-көлік оқиғасынан кейін қозғалыс толық қалпына келтірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Апат салдарынан трассаның бір бөлігіне ауыр салмақты жүк тиеген трал аударылып, жол толықтай жабылған болатын. Құтқару және жөндеу жұмыстары үш күн бойы тәулік бойыжүргізілді. Мамандардың айтуынша, бұл операция жоғары деңгейдегі техникалық дайындық пен үйлесімділікті талап етті.
«Әр кезең – тазалаудан бастап жол жамылғысының соңғы тексерісіне дейін – үлкен жауапкершілікпен орындалды. Қазір көлік қозғалысы толық қалпына келтірілді», – делінген ұлттық компания таратқан хабарламада.
Аталған апат 2025 жылдың 4 маусымында тіркелді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ірі жүк көлігі трассаны жауып тастап, жүргізушілерге үлкен қолайсыздық тудырды. Көптеген көлік жүргізушілері айналма жолмен қатынауға мәжбүр болған.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы алдағы уақытта мұндай апаттардан кейінгі әрекетті жылдам әрі тиімді ету үшін қосымша шаралар қабылдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар апатқа себеп болған жайттар бойынша жеке тексеріс жүргізілетіні айтылды.