Оқиға орнына келген полицейлер күдіктіні дереу ұстады
Жамбыл облысында 10 жасар баланың өліміне қатысты шұғыл тергеу басталды. Қайғылы жағдай бірнеше баланы асырап отырған отбасының бірінде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми ақпаратқа сәйкес, бала өліміне қатысты күдікті ретінде отбасының асыраушысы – 35 жастағы ер адам танылып отыр. Ол отбасыда бес бірдей асыранды бала тәрбиеленіп жатқан.
«Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды», – делінген ПД хабарламасында.
Полицейлер күдіктіні ізін суытпай ұстаған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл оқиға қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды. Әлеуметтік желіде асыраушы ата-аналардың моральдық әрі құқықтық жауапкершілігіне қатысты пікірлер қызу талқылануда.