Жабайы жылқылар Торғай даласында -30°C аязға дейінгі алғашқы қысын аман-есен өткізді
Қазақстанға өткен жылы 4 маусымда әкелінген жабайы керқұландардың алғашқы легі табиғатқа жіберілді. Бұл – биыл маусымда жіберілген алғашқы жеті жылқы. Жануарлар бір жыл бойы мамандардың бақылауында жартылай ерікті жағдайда өмір сүріп, жаңа ортаға бейімделді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Керқұлан – жойылып кету қаупі төнген аңдардың бірі. Қазақстанда оларды табиғи мекенінде қайта қалпына келтіру жобасы жүріп жатыр.
Жылқылар Торғай даласында -30°C аязға дейінгі алғашқы қысын аман-есен өткізіп, ортаға бейімделді. Олар ветеринарлық тексеруден өтті, денсаулығы тұрақты деп танылды.
Жануарлардың қозғалысын табиғат аясында нақты бақылау үшін Умбре мен Веспе есімді екі биеге GPS-қарғыбау тағылды. Бұл – олардың миграциясын, тіршілік ету аймағын және жаңа ортадағы мінез-құлқын зерделеуге мүмкіндік береді.
Жануарларды қорғау мен мониторинг жүргізу міндетін «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары атқарады. Мамандар бұл процеске ғылыми негізде қарап, жануарлардың мінез-құлқын зерттеуді жалғастырады.
«Керқұландардың алғаш тобын Орталық Қазақстанның жабайы табиғатына жіберу – тарихи мекенінде қалпына келтіру жобасының маңызды кезеңі. Бұл – мал дәрігерлері мен биологтардың бір жылдық қажырлы еңбегінің жемісі», – деді АСБК атқарушы директоры Вера Воронова.