3 пен 4-қабат арасындағы аралық құрылымдар ішінара құлаған
Ақтөбеде көпқабатты үйде газ жарылып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Абай даңғылы бойында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің 4-қабатында газ-ауа қоспасы жарылып, соның салдарынан өрт шыққан.
«Оқиға орнына дереу жеткен облыстық ТЖД құтқарушылары жарылыс салдарынан шамамен 40 шаршы метр аумақта ашық жалын тұтанғанын анықтады», - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ 3 пен 4-қабат арасындағы аралық құрылымдар ішінара құлаған.
Өрт толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілер 73 адамды эвакуациялап, 1 адам құтқарылды.
«Өкінішке қарай бір адам қайтыс болды», - дейді құтқарушылар.
Оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы барды.
Апаттық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, үйінділер тазартылып жатыр. Өрт сөндірушілер оқиғаның себебін анықтауға кірісті.