Жіберілген су көлемі күткен мөлшерден 2,5 есе көп болды
Жамбыл облысында Қаракөл мен Сұлукөл көлдеріне соңғы 10 жылда алғаш рет су жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талас өзеніндегі «Ойық» гидроторабы арқылы жүргізілген су бөлу нәтижесінде Жамбыл облысындағы Қаракөл мен Сұлукөл көлдеріне су жеткізілді. Сонымен қатар Сарысу және Талас аудандарының табиғи жайылымдары да ылғалмен қамтамасыз етілді.
Бастапқыда экологиялық мақсатта 120 млн м³ су жіберу жоспарланған. Алайда сәуір айының ортасына қарай бұл көрсеткіш 315 млн м³-ке жетті. Бұл — өңір экожүйесін ылғалдандыруда айтарлықтай нәтиже берді.
«Қазсушар» Жамбыл филиалының мамандары суару маусымы басталмай тұрып, экожүйені қалпына келтіру және табиғи жайылымдарды суландыру жұмыстарын қолға алды. Бұл қадам ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы үшін маңызды болды.
30 мамыр күні тексеріс өтті. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен, «Қазсушар» мамандары Талас өзені арқылы жіберілген судың шын мәнінде қажетті аудандарға жеткенін тексерді. Тексеріс нәтижесі оң болып шықты.