Алматы облыстық сотының ғимараты карантинге жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот істерін қарау кейінге шегеріледі

Фото: ашық дереккөзден

8-19 маусым аралығында Алматы облыстық сотының ғимаратында карантиндік шаралар енгізіледі. Бұл туралы Алматы облысы мен Талдықорған қаласы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысында жазылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Алматы облыстық соты төрағасының өкімі негізінде ғимаратта белсенді дезинфекциялық өңдеу жұмыстары  жүргізіледі. Сот ғимаратына бөгде адамдардың кіруіне рұқсат етілмейді. Облыстық соттың барлық қызметкерлері жеті күн үй карантиніне оқшауланады. Облыстық соттың жұмысы онлайн режимде қашықтықтан қамтамасыз етіле отырып уақытша тоқтатылады», - деп жазылған хабарламада.

Сот істерін қарау кейінге шегеріледі. Сот отырыстарының тағайындалған күні мен уақыты туралы істерге қатысы бар тараптарға қосымша ақпарат жолданады.

«Қысқа мерзімде қаралуы тиіс іс материалдары, яғни Қылмыстық-процессуалдық кодексінің(ары қарай- ҚПК) 107-бабы негізінде қаралатын материалдар Талдықорған қалалық сотының ғимаратында судьямен қашықтықтан қаралатын болады. Шектеу шараларының мерзімі мен режимі COVID-19 короновирустық инфекциясының таралу жағдайына сәйкес өзгертілуі мүмкін», - деп жазылған Алматы облыстық соты таратқан ақпаратта.