Жасөспірім рульге ие бола алмай, ағашқа соғылған
Алматы облысында Төңкеріс – Байсерке – Қараой автожолының 44-шақырымында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан үш адам қаза тауып, тағы бірі ауруханада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Адам шошырлық оқиға 27 мамыр күні болды.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Mitsubishi Galant маркалы көлікті кәмелетке толмаған бала жүргізген. Алдын ала деректерге қарағанда, жас жүргізуші көлікті басқара алмай, ағашқа соғылған.
«Оқиға орнында жүргізуші мен жолаушылардың бірі сол сәтте көз жұмды. Тағы екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Алайда, олардың бірі дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан қайтыс болды», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайын анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалған.
Полиция заңға сәйкес, көлік басқару құқығы жоқ тұлғаны рөлге отырғызған заңды өкілдерге қатысты да процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.