Ол рухани дамуға көп күш жұмсағанын жасырмады
Ninety One тобының мүшесі ALEM (шын аты — Батырхан Мәліков) бала арман, ішкі ізденіс және алдағы әні туралы шынайы айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әнші Jibek Joly арнасындағы «Бүгін.Live» бағдарламасында шынайы сұхбат берді. Ол топтың өзгерістері мен өзінің шығармашылық жолы туралы ашық айтты.
«Біздің негізгі месседжіміз өзгерген жоқ. Біз әрқашан махаббат жайлы айтып келеміз. Табиғатқа, адамзатқа, болмысқа деген сүйіспеншілік – біздің басты құндылығымыз»,– деді ALEM.
Әнші жас кезінде өз-өзіне сенімсіз болғанын айтып, рухани дамуға көп күш жұмсағанын жасырмады: түнгі ойлар мен күйзеліс, таңертеңгі алғашқы ойды бақылау, өз-өзімен сөйлесіп, өзін зерттеу, балалық арманын еске алып, іске асыруға бет бұру.
«Күнде жатар алдында өзімді қазбалай беретінмін. Бір күні “Мен әлі де көп нәрсе жасамадым, менде бір кемшілік бар” деген ой келді. Өзіме көңілім толмайтынын түсіндім. Сол кезде өзімді түсіне бастадым»,– деді ол.
ALEM көптен бері күткен «Махаббат» атты әнін 2025 жылғы маусымның 6-сы күні шығаруды жоспарлап отыр.
«Бұл ән мені алғаш тыңдаған сәттен-ақ баурап алды. Жай ғана махаббат туралы емес, өте терең рухани мағына бар»,– дейді ALEM.
«Кішкентай кезімде армандаған нәрселерді енді ғана орындай бастадым. Ешкімге қарамай, өз жүрегімнің үнін тыңдауға тырыстым. Соңында сол кішкентай баланың басынан сипағым келді»,– деп түйіндеді ол сұхбатын.