«Дәрі ішіп қойдым»: Ақтауда әзілдеп жедел жәрдем шақырған тұрғын айыппұл төлейді
Оған 117 мың теңге айыппұл салынды

Ақтауда 29 жастағы азамат әзіл үшін жедел жәрдем шақырып, дәрі ішіп қойғанын айтқан. Оқиға 22 мамыр күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға қалай өрбіді?
Ақтау қаласының 26-шағынауданында тұратын ер адам жедел жәрдемге хабарласып, көп мөлшерде дәрі ішіп қойғанын айтып, көмек сұраған. Оқиға орнына дереу жеткен дәрігерлер оның жағдайын тексеріп шыққан. Алайда тексеру барысында ер адамның ешқандай дәрі ішпегені, бәрі жалған ақпарат болғаны анықталды.
Заң алдында жауап берді
Ақтаулық азаматтың бұл әрекеті қасақана жалған шақырту деп танылып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 438-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
«Арнайы қызметтерді әдейі жалған шақырғаны үшін ер адамға 117 960 теңге көлемінде айыппұл салынды», — деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының баспасөз қызметі.
Арнайы қызметтерді алдау – ауыр жауапкершілік
Қазіргі таңда елде шұғыл медициналық көмекті оңтайландыру жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылдың 1 мамырынан бастап Қазақстанда жедел жәрдем шақырудың жаңа тәртібіенгізілді. Енді 4-санаттағы шақыруларға емханалар жанындағы мобильді бригадалар жауап береді.