Күдікті қамауға алынды
Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы Paradise Villa қонақүйінде жантүршігерлік қылмыс болды. Өрт шыққан нысан ішінен 1982 жылы туған әйелдің мәйіті табылып, оның 12 жерден пышақ жарақатын алғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
24 мамыр күні таңғы сағат 04:00 шамасында Талдықорғандағы Қаблиса жырау көшесінде орналасқан қонақүйде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Өрт 20 шаршы метр аумақты шарпыған, ресепшн аумағы жанып кеткен.
Әкімшілік бөлмеден табылған әйелдің денесінде 12 пышақ жарақаты болған. Алдын ала болжам бойынша, қылмыскер ізін жасыру үшін қонақүйде өрт қойған.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, бұл факті бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.
«23 жастағы күдікті оқиға орнынан алысқа ұзамай ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу жалғасып жатыр», – делінген полиция таратқан мәліметте.
Кеше Талдықорған қаласындағы қонақүйлердің бірінде өрт болып, оқиға орнынан зорлық белгілері бар әйелдің мәйіті табылғаны хабарланған еді.