Полиция жүргізушілерге ескерту жасады
Көкшетау маңында жол апатынан төрт адам зардап шекті. Оқиға «Көкшетау – Рузаевка» автожолында болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Nayzakokshe басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жол-көлік оқиғасында Kia Rio мен Land Cruiser Prado маркалы көліктер соқтығысқан. Бұл жағдайға байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», – делінген хабарламада.
Апат салдарынан Land Cruiser Prado көлігінің бір жолаушысы және Kia Rio көлігінің екі жолаушысы мен жүргізушісі әртүрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Полиция департаменті жол апаттарының алдын алу үшін жүргізушілерге жылдамдықты шектен тыс асырмауға, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде жол ережесін қатаң сақтауға және көлік құралдарының техникалық жай-күйіне назар аударуға шақырды.