Есірткі курьері трассада кетіп бара жатқан жерінен ұсталды
Алматы облысында есірткі курьері трассада кетіп бара жатқан жерінен ұсталды. Тергеу барысында оның бұрын мұғалім болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің қызметкерлері қызметтік-іздестіру итінің көмегімен өңіраралық курьерді қолға түсірді. Тексеру барысында ұсталған азаматтың Қостанай-Семей бағыты бойынша синтетикалық есірткі тасымалдағаны анықталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті бұрын математика пәнінің мұғалімі болған. Оның көлігін тінту кезінде артқы орындықта тұрған рюкзактың ішінен «мефедрон» есірткісі салынған пакет табылды.
Тәркіленген заттың салмағы – 1 кг.
Күдікті адам ұсталып, қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған бағыттағы жедел-іздестіру жұмыстары жалғасын табуда.
«Курьер Қостанайдан Семейге есірткі тасымалдаған. Қызметтік иттің көмегімен жылдам анықталып, ұсталуы – біздің алдын алу шараларымыздың тиімділігін көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.