Жемқорлықпен күрес жүріп жатыр
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі елімізде заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын нығайту бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Бұл жолы Тараз қаласының құрылыс саласына қатысты сыбайлас жемқорлық фактісі әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Антикордың мәліметінше, Тараз қалалық соты қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбол Қалдыбаевты және мердігер ұйымның өкілі Олжас Ерболатұлын соттады.
Тергеу нәтижесінде анықталғандай, олардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 519 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.
«Нұрбол Қалдыбаев – 4 жыл бас бостандығынан айырылды және мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет атқару құқығынан айырылды.
Олжас Ерболатұлы – 6 жылға сотталып, қаржы бөлуге байланысты лауазымдарды атқаруға 10 жылға тыйым салынды», - делінген Антикор хабарламасында.
Аталған сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағы және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы негізінде, адам соттың заңды үкімі шыққанға дейін кінәсіз деп есептеледі.