Патрульдеу кезінде Mercedes-Benz автокөлігі күдік тудырған
Алматы облысында бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізуші қайта ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Polisia.kz порталының мәліметінше Боролдай ауылында патрульдік полиция көлікті алкогольдік масаң күйде басқарған жүргізушіні ұстады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, патрульдеу кезінде Mercedes-Benz автокөлігі күдік тудырып, тоқтатылған.
«Құжаттарын тексеру барысында 44 жастағы жергілікті тұрғыннан алкогольдің айқын белгілері – иіс, сөйлеу мәнерінің бұзылуы байқалған», - деп жазылған хабарламада.
Медициналық сараптама оның мас екенін растады. Тексеру барысында бұл азаматтың бұған дейін де дәл осындай құқық бұзушылық жасап, жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Алайда ол бұл шектеуді елемей, қайтадан мас күйде көлік басқарған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабымен іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция басқармасы азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, мас күйде көлік жүргізу заң бұзу ғана емес, адам өміріне төнген тікелей қауіп екенін қатаң ескертті.