Шымкент тұрғыны іздеу салған ұры өзінің туысы болып шықты
Арызданушы ұсталған ер адам өзінің жақын туысы екенін білген соң оған ешқандай шағымы жоқтығын жеткізді

Әлеуметтік желіде бір топ полиция қызметкерінің жүргізушіден көлікті тоқтатуын талап еткен видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Видеодан полиция ескертуіне қарамай жүргізушінің қашуға әрекет жасағаны, артынан полиция оның көлігінің терезесін таяқшасымен сындырғанын көруге болады.
Әкімшілік қамауға алынды
Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты ақпарат таратты.
Департамент мәліметінше, оқиға 14 мамыр күні қала көшелерінің бірінде болған. Полиция жүргізушіні көлік құралы ұрланғаны туралы хабарлама бойынша тоқтатқан. Департамент сонымен қатар көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамағанын, көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарғанын және сол үшін әкімшілік жауапқа тартылып, қамауға алынғанын хабарлады.
Көлік иесінің жақын туысы болып шықты
«Полицейлердің заңды талаптарына бағынбай жасырынуға тырысып, көлікпен қозғалысты жалғастырмақ болған ер адам полиция қызметкерлерінің ғана емес, жол қозғалысының өзге де қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген», - деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.
Автокөлікті ұрлау жайты бойынша тексеру барысында арызданушы ұсталған ер адам өзінің жақын туысы екенін және оған ешқандай шағымы жоқтығын жеткізді.