Димаш Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін орындап, клип түсірді
Әнші Димаш Құдайберген жуырда ақын Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін жаңаша стильде орындаған. Бұл ән Димаштың шетелдік тыңдарманы арасында аса танымал болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Перу елінің желі қолданушысы Kasandra Libdim Димаштың орындауына ерекше әсерленгенін жазды:
«Бұл ән бізге қатты ұнады. Димаштың әнінен кейін қазақ халқында Сәкен Сейфуллин деген ақын болғанын білдім. Димаштың арқасында Қазақстанды кеңінен танып жатырмыз. Мен Оңтүстік Американың Перу елінен боламын», - деп жазды Kasandra Libdim.
Димаш тек әнді орындап қана қоймай, оған көркем бейнебаян да түсірді. Заманауи аранжировка мен ұлттық нақыш үйлесім тауып, туынды халықаралық аудиторияға жол тартты.
Димаштың бұл жобасы – қазақ музыкасы мен әдебиетінің жаһандық деңгейде таныла бастағанының нақты дәлелі. Оның шеберлігі мен рухани мазмұнға бай репертуары арқылы әлем жұртшылығы қазақ мәдениетімен тереңірек танысып келеді.