Қазақстанда жыл басынан бері 60 бала терезеден құлап кетті

Автор: Асыл Арман

Олардың арасында қаза болғандар бар

Фото: freepik.com

Жазғы демалыс кезеңінде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілей түседі. Бұл – жыл сайын қайталанатын, алайда алдын алуға болатын қайғылы жағдай. Төтенше жағдайлар министрлігі осыған байланысты дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2025 жылы тіркелген жағдайлар

2025 жылдың 19 мамырына дейін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығына 60 жазатайым оқиға тіркелгені туралы ақпарат келіп түсті:

  • 5 бала оқиға орнында көз жұмды;
  • 55 бала түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді.

Өткен жылғы статистика

2024 жылы осындай 196 жағдай тіркелген. Көп жағдайда терезеден құлау – ата-ананың қарауынсыз қалған 2-13 жас аралығындағы балалар арасында болады.

Қайғылы оқиғалардың басты себептерінің бірі – балалардың масадан қорғайтын москит торларына сүйенуі. Бұл торлар баланың салмағын ұстап тұра алмайды.

Алдын алу шаралары күшейтілуде

ТЖМ басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірінде қауіпсіздікке бағытталған профилактикалық шаралар күшейтілді:

  • Құтқарушылар ата-аналармен кездесулер өтіп жатыр;
  • Балалар мекемелерінде рейдтер жүріп жатыр;
  • Халықты ақпараттандыру үшін БАҚ пен әлеуметтік желіде кеңінен насихатталып жатыр.

Ата-аналарға маңызды ескерту

Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналар мен заңды өкілдерге мынадай қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді:

  • Балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
  • Москит торларына сенбеңіз – олар қауіпсіздік құралы емес;
  • Терезелерге бекіткіштер мен блокаторлар орнатыңыз;
  • Терезе алдына жиһаз қоймаңыз – бұл баланың терезе алдына шығуына жол ашады.