Ер адам заңсыз әрекеті үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейтін болды
Алматыда полицейлер Тбилиси – Алматы рейсінде темекі шеккен шетелдік жолаушыны ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше әуе кемесінің бортындағы тәртіп бұзушылық өткен демалыс күндері болған.
«Тбилиси–Алматы» бағытындағы әуе рейсі келгеннен кейін әуе компаниясы өкілінің актісіне сәйкес, Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ұшақ бортында тәртіп бұзып, әжетханада темекі шеккен 32 жастағы Грузия азаматын ұстады», - делінген хабарламада.
Ер адамға заңсыз әрекеті үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Полиция деструктивті мінез-құлық жолаушылар мен әуе компания қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретінін еске салды.
«Сол себепті экипаждың нұсқаулығына қатаң түрде бағыну және әуе кемесінің бортындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет», - дейді құқық қорғаушылар.
Жедел алдын алу іс-қимылдары нәтижесінде биылғы жылдың 4 айында 207 құқықбұзушы жауапқа тартылды. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін 127, ұшақ бортында темекі шеккені үшін 50 азамат жазаланды.