Астана циркінде акробат қыз бес метр биіктен құлап кетті (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

18 мамыр күні Астана қаласында цирктік қойылым барысында оқыс оқиға болды

Фото: видеодан скриншот

Астана қаласында 18 мамыр күні өткен цирктік қойылым кезінде қауіпті жағдай тіркелді. Кезекті гимнастикалық нөмір кезінде акробат қыз бес метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Трюк орындау барысында әртіс тепе-теңдігін жоғалтып, сахнаға құлаған. Оқиға көрермендердің көз алдында болған. Зардап шеккен өнерпазға алғашқы көмекті әріптестері көрсетіп, оны сахнадан алып шықты. Бірнеше минуттан соң оқиға орнына жедел жәрдем тобы келіп жеткен.

Дәрігерлер жағдайға байланысты түсініктеме берді

Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

«Қыз циркте бес метр биіктіктен құлап жарақат алды. Оны жедел жәрдем бригадасы алып кетті. Диагноз: бас жарақаты және ми шайқалу. Жалпы жағдайы – орташа, бірақ тұрақты», – делінген басқарма таратқан ресми ақпаратта.

Қазіргі уақытта пациент дәрігерлердің бақылауында. 

Цирктегі қойылым жалғасады

Оқиғаның күрделілігіне қарамастан, цирк әкімшілігі шоу бағдарламасының 1 маусымға дейін жалғасатынын мәлімдеді.