Ақтаулық оқушылар өндірістегі апаттың алдын алатын жоба ойлап тапты

Автор: Алмас Ерсін

Олардың жобасы Қарағанды қаласындағы зауытта сынақтан өтіп жатыр

Фото: видеодан скриншот

Ақтаулық оқушылар «Цифрлы инспектор» деп аталатын жоба ойлап тапты, ақылды жүйе өндірістегі оқыс жағдайдың алдын алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.

Жоба зауытта тестілеуден өтіп жатыр

ІТ бағдарлама зауыттарда еңбек қауіпсіздігі ережесінің бұзылмауын қадағалап отырады.  Мәселен, жұмысшы қорғаныш каскасы мен арнайы киімін кимесе дереу белгі береді. Төтенше жағдай кезінде эвакуациялаудан бастап, барлық іс-шараны тіркеп, бақылау жүргізеді. Жас өнертапқыштардың жобасы отандық зауытта тестілеуден өтіп жатыр.

Жобаны Ильяс Тілеужан мен Сара Сайранова ойлап тапты. Дарынды жеткіншектер ІТ бағдарламаны әзірлеу жолында 1 жылдан астам ізденген. Олар жасаған цифрлық жүйе жұмысшы өндіріс орнына кірген сәттен бастап әр қимылын жіті бақылап отырады. Жасанды интеллект төтенше жағдай кезінде адамдарды тұрған жерін жедел анықтап, оларды қауіпсіз жерге шығаруға бағыт көрсете алады.   

«Біздің «ella weed» моделіміз адамдардың қайда жүргенін, қандай киім тұрғанын анықтай алады. Виртуалды картаны «Мапинг» функция арқылы жасай аламыз. Яғни арнайы территорияны алдын ала белгілеп, сол жаққа кімнің кіргенін, қайда және қай уақытта жүргенін бақылай аламыз. Бұл әсіресе эвуакуация уақытында тиімді», - дейді Сара Сайранова.

Ал Ілияс Тілеужанның айтуынша бағдарлама газ немесе түтін шыққан жерді жедел анықтап, дабыл қағады.

«Өндіріс орнында көзге көрінбейтін орында өрт тұтанып, соңы қайғылы жағдайға ұласып жатады. Біз ойлап тапқан ақылды жүйеге бейнебақылау камералары, апатты белгі беру құралдары жалғанады. Бағдарлама газ немесе түтін шыққан жерді жедел анықтап, дабыл қағады», - деп атап өтті Ілияс Тілеужан.

Өнертапқыштар жобаға авторлық құқық алады

 Жоба жетекшісі Қазбек Қалиевтің айтуынша, сандық үлгідегі бағдарлама қысқа мерзімде тиімділігін көрсеткен. 

«Үлкен мекеме, зауыттарда ғана емес әрі қарай да оны мектептерге, университеттерге тағы басқа да салаларға, мысалға аэропорттарға орнатуға болады. Авторлық құқық алайын деп жатырмыз», - дейді Қазбек Қалиев.

Ақтаулық оқушылар «Цифрлық инспектор» жобасын жергілікті кәсіпорындарда қолданып көруге ниетті. Қазір бұл бағытта келіссөздер жалғасуда. Авторлық құқық алған соң өзге өңірлерде жүзеге асыруды қолға алмақшы. ІТ бағдарламаны әлемге дәріптеу мақсатында халықаралық байқауға өтінім жолдап та қойған.