Полицейлердің айтуынша, мұндай шаралар жануар иелерін тәртіпке шақырып, қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған
Жыл басынан бері үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін Павлодар облысының полициясы 444 үй жануары иесін әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Архангельск көшесінде болған оқиға: Тұрғындардың бірі полицияға қоңырау шалып, бос жүрген иттің үріп, адамдарды қорқытқанын айтқан. Тіпті 10 жасар бала қорқып, үйіне кіре алмай қалған. Учаскелік инспектор иттің иесін анықтап, тиісті шара қолданды. Иесінің айтуынша, ит байлаулы тұрған жерінен шешіліп кеткен.
Полиция департаменті тұрғындарға ит пен мысықты ұстау тәртібін тағы бір еске салды:
«Үй жануарларына жауапкершілікпен қарау – тек заң талабы ғана емес, қоғамдық қауіпсіздік пен мәдениеттіліктің көрсеткіші. Ит пен мысық – адамның досы, бірақ олар да қауіп көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан әрбір иесі өз жануары үшін жауапты», - делінген облыстық ПД хабарламасында.