Арқанмен өзеннің үстінен өтпек болған: Жетісу облысында суға кеткен әскери қызметкердің мәйіті табылды (ВИДЕО)

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оны іздеу жұмысына 100-ге жуық адам жұмылдырылған

Фото: Видеодан скрин

Жетісу облысында Көксу өзенінің үстінен темір арқанмен өтпек болып, суға кеткен әскери қызметкердің мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ТЖД мәліметінше, Кербұлақ ауданында жоғалған әскери қызметкерді іздеу жұмысы аяқталды.

15 мамыр күні Жетісу облысы Кербұлақ ауданында, оқиға болған жерден 15 шақырым төмен қарай Көксу өзенінен ТЖД-ның Оперативті-құтқару жасағының құтқарушылары ер адамның денесін судан тауып, жағаға шығарды. Табылған кезде үстінде киімнің бір бөлігі болған. Марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне табысталып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.

«Іздеу-құтқару жұмыстары бірнеше күн бойы табиғи және ауа райының күрделі жағдайында жүргізілді. Операцияға барлығы 98 адам және 22 техника бірлігі жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖД күштері, әскери полиция, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы, әскери бөлімдер және марқұмның туыстары қатысты», - делінген Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті таратқан хабарламада.