БҚО-да мал шаруашылығын дамытуға бөлінген ақшаға сауна салып, қымбат көлік алған адам ұсталды

Автор: Асыл Арман

Сот санкциясымен жалпы құны 198 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды

Фото: freepik.com

БҚО-да «Агробизнес» несиелеу бағдарламасы аясында 150,7 млн теңге көлеміндегі субсидия жымқырылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күдікті «Агробизнес» несиелеу бағдарламасы аясында бақылауындағы шаруа қожалығының атына заңсыз түрде 126,7 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімдеген. Кейін бұл қаражат ірі қара мал сатып алынбастан, шаруа қожалығының шотынан қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сонымен қатар, мал шаруашылығының ақпараттық жүйесі базасына жалған ақпарат енгізу арқылы ол 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бөлінген 24 млн теңге көлеміндегі субсидияны заңсыз алған.

«Субсидияны заңды түрде алынды деп көрсету мақсатында ол басқа шаруа қожалықтарынан асыл тұқымды сиыр сатып алды деген жалған құжаттарды тапсырған.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті жер телімдерін сатып алып, олардың бірінде сауна мен сауда үйін салған. Аталған мүлікті жасыру мақсатында оны туысының атына рәсімдеген.

Сот санкциясымен жалпы құны 198 млн теңге болатын мүлікке 2 жер теліміне, сауда үйіне, саунаға және «Exeed LX» маркалы автокөлікке тыйым салынды», - делінген ҚМА хабарламасында.

Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылды.