Ақтауда жолаушылар өткелінен өтіп бара жатқан екі баланы көлік қағып кетті (ВИДЕО)

Автор: Мөлдір Қазыбай

Зардап шеккен балалардың бірі комада жатыр

Фото: Видеодан скрин

Ақтауда жеңіл көлік жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан екі баланы қағып кетті. Зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Lada.kz мәліметінше, оқыс оқиға бүгін Шығыс-2 мен Шығыс-3 ықшамаудандары арасындағы жол учаскесінде болды. Оқиғаның мән-жайын облыстық полиция департаменті хабарлады. Екі жасөспірім Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің бірі ес-түссіз күйде жатыр.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында тұр», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің бірі комада жатыр.

«2013 және 2014 жылы туған балалар жол апаты салдарынан бас-ми жарақатын алған. Жағдайлары ауыр. Қазір олар жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер қажетті тексерулер жүргізіп, шұғыл көмек көрсетіп жатыр», – деп хабарлады ведомство.