Биылдан бастап кез келген Қазақстан азаматы онкологиялық скринингтен тегін өте алады – Асхат Аймағамбетов

Автор: Мөлдір Қазыбай

Онкоскрининг МӘМС жүйесіне қатыспайтын 3,5 млн азамат үшін де қолжетімді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов заңдағы өзгерістерге байланысты медицина саласында қандай оң өзгерістер болып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сөз басында ол онкологиялық скринингтен өту қазақстандықтар үшін тегін болатынын ерекше атап өтті.

«Президент қол қойған заңдағы өзгерістер – мыңдаған адамның өміріне әсер етеді. Соның ішінде біздің бастамамызбен қабылданған екі түзету туралы тоқталайын.

Енді 2025 жылдан бастап кез келген Қазақстан азаматы тегін онкоскринингтен өте алады. Ал ракті ерте анықтау – өмірді сақтап қалудың басты жолы. Сонымен, біз онкоскринингті МӘМС жүйесіне қатыспайтын 3,5 миллион азамат үшін де қолжетімді еттік. Бұл дегеніміз – ауруды ерте анықтау, емнің тиімділігін арттыру, өмірді сақтау. Бұл – мыңдаған отбасы үшін үміт пен мүмкіндік!» – дейді Асхат Аймағамбетов.

Мәжіліс депутаты сөзін жалғай отырып, Ұлттық медициналық ғылыми орталықтарға докторантура бойынша тікелей гранттар бөлінетінін қозғап өтті

«Медицина ғылымы – тек теория емес! Бұрын PhD докторантурасы тек университеттер арқылы ғана жүзеге асатын. Бірақ медицина – оқулықпен шектелмейтін, тәжірибе арқылы меңгерілетін сала. Біздің түзету не береді? Ұлттық медициналық ғылыми орталықтарға докторантура бойынша тікелей гранттар бөлуге жол ашылады; Сол орталықтар жанынан диссертациялық кеңестер құру мүмкіндігі пайда болады;

Енді болашақ медициналық ғалымдар жұмыс орнында, операциялық бөлмеде, тәжірибе барысында білім алады. Бұл – нақты ғылым, нақты жауапкершілік, нақты өмірлер. Бұл шешімдер – өмірді сақтап қалуға бағытталған нақты қадамдар. Жүздеген дәрігер мен мыңдаған азамат үшін бұл – маңызды жаңалық», - дейді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.

Айтуынша, енді әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылады.

«Салық кодексіне енгізген біздің түзетуіміз Үкімет тарапынан қолдау тапты. Енді әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге ҚҚС 0% мөлшерлемесі қолданылады. Бұл нені білдіреді? Арнайы Үкімет қаулысымен бекітілетін тізім бойынша ең қажетті және әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер ҚҚ салықтан толық босатылады. Бұл шешім – ең қажетті дәрі-дәрмектердің бағасының күрт қымбаттауына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Жасыратыны жоқ, бастапқыда біз барлық медициналық қызметтер мен барлық дәрі-дәрмектерді ҚҚС-тан толық босатуды ұсындық. Сол шешім тиімдірек еді. Алайда Үкімет бұл ұсыныспен келіспеді. Ұзақ талқылаудан кейін осындай компромистік шешімге қол жеткіздік», - дейді мәжілісмен.

Айтуынша, ҚҚС қолданылатын басқа медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер бойынша да маңызды келісімге қол жеткізілді:

  • 2026 жылдан бастап – ҚҚС 5%,
  • 2027 жылы тағы 5%-ға. Яғни кезең-кезеңмен.

Ол өз сөзінде тағы бір жақсы жаңалықты да атап өтті:

ГОБМП және ОСМС аясындағы барлық медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер де толықтай ҚҚС-тан босатылады.

«AMANAT» партиясының фракциясы мен біздің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті осы бағытта жұмыс істеді. Әрине, біршама медициналық ұйымдар бұдан да үлкен өзгерістер күтті. Бірақ саясат дегеніміз – мүмкін болған нәрсені іске асыру.

Дәл қазір біз үшін ең бастысы – ең қажетті және әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмек пен медициналық көмектің халық үшін қолжетімді болуын сақтау. Жұмыс әрі қарай жалғасады», - деп Асхат Аймағамбетов сөзін қорытындылады.