Үш күнге созылған айтулы жарыста Қазақстан құрамасы медальдық есепте 9-орынға тұрақтады
Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 әлемдік рейтингтік турнирі өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға ие болып, 3 күміс және 6 қола медаль еншіледі. Бұл – еліміз үшін аталмыш турнирдегі рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үш күнге созылған айтулы жарыста Қазақстан құрамасы 3 күміс және 6 қола жүлде еншілеп, медальдық есепте 9-орынға тұрақтады.
Қазақстандық жүлдегерлер тізімі:
Жалпы медаль кестесінде 3 алтын, 2 күміспен IJF құрамасы І орын еншілесе, 3 алтын медальмен Оңтүстік Корея құрамасы ІІ орынға, ал ІІІ орынға 2 алтын, 4 күміс, 1 қола жүлдемен Жапония жайғасты.
«Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өткен жарысқа әлемнің 44 елінен 358 спортшы қатысып, 14 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Қатысушылар арасында Олимпиада чемпиондары мен әлем біріншілігінің жеңімпаздары да бар.
Спортшылар үшін бұл жарыс әлем чемпионатының алдындағы соңғы Grand Slam кезеңі екенін айта кеткен жөн.
Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады», - делінген Дзюдо федерациясының хабарламасында.
Биыл Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы елімізде үшінші рет өтті. Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды.
Айта кетейік, әлемдік доданың басты қонағы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Мемлекет басшысымен бірге трибунада Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер мен Олимпиада чемпионы Елдос Сметов те жарысты тамашалады.