Музыканттың айтуынша, ол домбырамен алғаш рет Ыстамбұлда танысыпты
Әлеуметтік желілерде жапон жігітінің Токиода домбырамен күй орындап тұрған видеосы қызу талқыланып жатыр. Бұл сәтті қазақстандық азамат байқап қалып, телефон камерасына түсіріп алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Көшеде келе жатып, домбыра үнін естідім! Мұндайды түсімде көрсем де сенбес едім», – дейді видеоны түсіріп жатқан автор таңданысын жасыра алмай.
Кейін ол жапон домбырашысына жақындап, оның бұл аспапты қайдан үйренгенін сұрайды. Музыканттың айтуынша, ол домбырамен алғаш рет Ыстамбұлда танысқан.
«Мен Ыстамбұлда бір қазақпен таныстым, сол кісі домбыра тартуды үйретті. Кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқыған Тұрысбек мырзамен танысып, шеберлігімді шыңдадым. Одан әрі өз бетіммен нота арқылы үйрендім», – деп жауап берді ол.
Қазақтың ұлттық аспабына қызығушылық танытып, оны шебер меңгерген жапон жігітінің өнері әлеуметтік желі қолданушыларын тәнті етті. Көпшілік бұл оқиғаны Қазақстан мәдениетінің халықаралық беделінің бір дәлелі ретінде бағалап жатыр.