2024 жылы Щучинск-Бурабай курорттық аймағына 1 миллион турист барған
Мемлекеттік бюджетке 4,7 миллиард теңге салық түскен

Ақмола облысындағы Щучинск-Бурабай курорттық аймағы елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан туристік бағыттардың біріне айналды. 2024 жылы өңірге келуші туристер саны 1 миллионға жуықтаған. Оның ішінде 420 мыңнан астам адам қонақүйлерде орналасса, 577 мыңнан аса турист ұлттық парктерді аралаған. Туризмнен түскен кіріс 21,5 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты. Мемлекеттік бюджетке 4,7 миллиард теңге салық түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Туристердің 90%-ы келетін басты нүкте – Щучинск-Бурабай курорттық аймағы. Мұнда 11 мың орындық 234 туристік нысан жұмыс істейді. Тек Бурабай ауданының өзінде туризмнен түсетін кіріс бір жыл ішінде екі есе өсіп, 18,9 миллиард теңгеге жетті.
2025–2029 жылдарға арналған аймақты дамыту бойынша кешенді жоспар қабылданды. Құны 137,2 миллиард теңгені құрайтын 118 жоба аясында инфрақұрылымды жаңарту, жаңа туристік нысандар салу, көріктендіру жұмыстары қарастырылған.
Су, жылу және кәріз жүйелері жаңартылып жатыр. 2025 жылы шолу алаңы, демалыс сквері (Променада) және қоғамдық жағажай пайда болады. Туристерге қолжетімді дендропарк жаңғыртылады.
Бурабай кентінде заманауи конгресс-орталық салу жоспарда бар. Аймақта мәдени-тарихи туризм де дамып келеді. Жақын арада «Сақ қорғандары» маршруты ашылса, 2029 жылға дейін тағы екі бағыт іске қосылады.
2025 жылы құны 3 миллиард теңгеге жуық бес жаңа туристік нысан салынып, 62 жұмыс орны ашылады. Ірі жобалардың қатарында – халықаралық деңгейдегі қонақүйлер, апарт-отельдер, этно-кафелер мен абаттандырылған демалыс орындары бар. Сонымен қатар, «Ақбура» ойын-сауық аймағы кеңейтіліп, инвестор тарту шаралары күшейтілуде.
Қауіпсіздік те назардан тыс қалмаған: 79 бейнебақылау камерасы орнатылып, құтқару бекеттері салынып жатыр. Транспорттық жүйе дамып келеді: Көкшетау–Қызылорда бағыты ашылып, «Курорт-Бурабай» станциясы жаңартылып, тікұшақпен экскурсиялар басталды. Электрқозғалтқыштарға арналған қуаттандыру станциялары мен байланыс антенналары орнатылып жатыр, дегенмен ұлттық парк аумағындағы жерді жалға алу бағасының жоғары болуы – шешімін күткен мәселе.
Экология мәселесі де ұмыт қалмады: Бурабайда қалдықтарды сұрыптап жинап, қайта өңдейтін кешен салу көзделіп отыр.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағы — еліміздің төрт мезгіл бойы жұмыс істейтін жетекші туристік орталығына айналу жолында нық қадам басып келеді.