Алматы облысында 5 ардагерге пәтер берілді

Автор: Алмас Ерсін

Сонымен қатар әкімдік олардың әрқайсына 5 миллион теңгеден сыйақы берді

Фото: pixabay

Алматы облысында Жеңістің 80 жылдығы аясында ардагерлерге пәтер кілті табыс етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қонаев қаласындағы Даңқ аллеясында ұйымдастырылған салтанатты жиында бес соғыс ардагеріне жаңа пәтер кілті табыс етілді. Игі бастама ардагерлердің ел алдындағы ерен еңбегі мен жанқиярлық ерлігін дәріптеу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында қолға алынды.

24kz мәліметінше салтанатты рәсім барысында Даңқ аллеясында орналасқан майдангерлерге арналған ескерткішке гүл қойылып, боздақтардың рухына тағзым жасалды.

Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шара бір минуттық үнсіздік жариялаудан басталды. Бұл – бүгінгідей бейбіт күннің бағасын білетін елдің тағзымы. Салтанатты жиынға зұлмат соғыс жылдарында етігімен қан кешіп, ел қорғаған ерлер де қатысты.

Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев ардагерлерге мемлекет басшысының құттықтауын оқып берді. Алматы облысындағы бес ардагерге 5 миллион теңгеден сыйақы тағайындалып, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен пәтер кілттері табыс етілді.

«Осы кісілердің өмірі біз үшін үлкен үлгі ғой. Демеушілер арқылы әрқайсысына осы Қонаев қаласында бір-бір пәтерден бердік. Барлығыңызды осындай үлкен жеңіс күнімен құттықтаймыз! Келешекте тек бейбіт өмір болсын!», - деп атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Даңқ аллеясынан басталған іс-шара Қонаев қаласының орталық алаңында ұйымдастырылған мерекелік концертке ұласты. Жиналған жұрт майдан жылдарынан сыр шертетін әндерді тыңдап, жауынгерлердің рухына арналған әсерлі қойылымдарға куә болды. Ал Райымбек ауданында майдангерлерге арналған жаңа ескерткіш бой көтеріп, салтанатты жағдайда ашылды.