Жалғызбасты анаға несие алдырған
Журналист Руслан Өтепбай «Елге көмек» қайырымдылық қоры басшыларының тағы бір былығын әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Видеодағы аудионы Ілияс Сариев Жансұлу есімді келіншекке жіберген. Мақсаты – жалғызбасты анаға несие алдыру. Алайда Жансұлу несие алып бере алмаймын дейді. Бірақ Ілияс анасының ауырып жатқанын алға тартып, өтініш емес, келіншекке талап қояды. Жансұлу Ілиясқа Құдайдай сеніп, оның туған қарындасына 2 миллион теңге несие алып береді. Алайда ол қыз Ілиястың қарындасы емес, сіз бен бізге таныс Ақтоты болып шығады», - деп жазды Руслан Өтепбай желідегі парақшасында.
Ең сорақасы Ақтоты келіншектің телефонын алып, басқа банктен тағы да 1 миллион теңге несие шығарып, дереу өзінің шотына аударып алады.
«Мұны Жансұлу тек келесі күні байқайды. Бұл дерек бойынша да Ақтоты мен Ілиястың үстінен қылмыстық іс қозғалды», - деп түйіндеді журналист.
Еске сала кетейік, Ілияс Сариев өткен айда алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Ол мұқтаж отбасыларға қордың есебінен үй әперемін деп халықтан қаржы жинап, өзінің жеке басына жұмсаған.