Мамандар алдағы уақытта құнды ақпараттарды қағазға түсіріп, кітап шығаруды жоспарлап отыр
Абай облысында Шаған, Шорға және Қалба соғыстарында ерлік көрсеткен, бірақ тарихта аталмай қалған 20-ға жуық батыр белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.
Жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар өңірге арнайы экспедиция жұмыстарын жүргізу арқылы олардың есімін анықтады. Бұл жайында Астанада өткен «Батырлар институты» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтылды.
Мамандар зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастыруға ниетті. Олар алдағы уақытта мұндай құнды ақпараттарды қағазға түсіріп, кітап шығаруды жоспарлап отыр.
«Мысалы, Тентек Қалыбай деген болған. Ол Жетімтөбеде жатыр. Ол спутник арқылы көрінді. Оның ұрпақтары Жарманың Қалбатауында тұрады екен. Қазір басына үлкен құлпытас қойған», - дейді өлкетанушы Жамбыл Жұманбаев.
Жиында ұлттық рух пен ұрпақ сабақтастығы да сөз болды. Конференцияны Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Астана қалалық Әдістемелік орталығы және номері 74-мектеп-гимназия бірлесіп ұйымдастырған.