Тест бағасы – 10 мың теңге
Нұр-Сұлтанда ЭКСПО аумағында коронавирусқа ПТР-тестілеу жасайтын мобильді орталық ашылды. Мұнда 3-5 минуттың ішінде көліктен шықпай-ақ тест тапсыруға болады. Зертхана №2 қалалық көпбейінді аурухана базасында іске қосылды, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің айтуынша, күн сайын 6 зертханада 4 500 талдау жасалады.
«Жалпы, қалада материал жинаумен айналысатын мемлекеттік және жеке зертханалар бар. Орталық та ыңғайлы орналасқан. Азаматтар әуежайға келгеннен кейін тест тапсыра алады. Автокөліктерге арналған тұрақтар жеткілікті», – деді Бақтияр Мәкен.
Оның айтуынша, болашақта жоба қаланың басқа да бөліктерінде ашылуы мүмкін.
Мобильді орталық күніне 100-ден астам тест алуға қабілетті. Процедура тек 3-5 минут алады. Сондай-ақ мамандар атап өткендей, бұл әдіс барлық автокөлік үшін ыңғайлы және ешқандай кезекті қажет етпейді. Тест бағасы – 10 мың теңге. Тест нәтижесі 6 сағат ішінде белгілі болады. Тест тапсырушы өз нәтижесін электронды пошта немесе Whatsapp нөмірі арқылы ала алады. Тест тапсырушы Covid-19-қа күдікті болған жағдайда мамандандырылған ауруханаға ауыстырылады. Мобильді скрининг орталығы 08.00-ден 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Ол «MEGA Silk way» сауда орталығы аумағында, яғни №2 аурухана мен «MEGA Silk way» сауда орталығы арасында орналасқан.