Астанада «Бірлік» марафонына 3 мыңнан астам адам қатысты

Автор: Дәулет Ботагөз

Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды

Фото: қала әкімдігі

1 мамырда елордада Қазақстан халқының бірлігі күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік жүгірісі–2025» республикалық марафоны өтті. Шараға 3 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Марафон «30 жыл бірлік – 30 жыл Ассамблея» ұранымен ұйымдастырылды. Жүгіру бағыты ЭКСПО аумағынан басталып, «Бәйтерек» монументіне дейін созылып, Түркістан және Ақмешіт көшелерімен қайта оралды. Шараға кәсіби спортшылармен қатар әртүрлі жастағы және ұлт өкілдері бар әуесқойлар да қатысты.

Сонымен қатар Астанамен бір мезгілде еліміздің 20 өңірінде де марафон өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – бірлік, ұлтаралық достық және салауатты өмір салтының маңыздылығын насихаттау.

«Спорт бәрімізді біріктіреді. Бүгін мен әртүрлі ұлт пен жастағы адамдармен бірге жүгірдім – бұл нағыз халықтар достығы», – деді қатысушылардың бірі.

Марафон бірнеше қашықтықты қамтыды: балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 1 км, скандинавиялық жүріске арналған 5 км, бұқаралық қолдау жүгіруі және тәжірибелі жүгірушілерге арналған 10 және 21,1 км қашықтықтар. Қатысушылар жас ерекшелігіне қарай бөлінді. Ерекше қызығушылық тудырған кезең – 30 км командалық эстафета (6×5 км), әр команда құрамында міндетті түрде бір әйел болуы тиіс болды. Жарыс соңында жүлделер ойнатылды.

Марафоннан кейін қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылып, шарадан кейін қалған қоқысты жинауға атсалысты.

Жүгіру марафоны – Астанадағы бірлік күніне арналған кең көлемді мерекелік бағдарламаның бір бөлігі. Қалада көрмелер мен концерттерден бастап, викториналар мен спорттық жарыстарға дейін түрлі іс-шаралар өтуде.