«Қағып өлтіріп, жолға тастап кеткен». Ақтөбеде жол апатына кінәлі адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол таң сәріде жолдың шетінде кетіп бара жатқан адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

Сурет Polisia.kz сайтынан алынды

Ақтөбе облысында 5 маусым күні таңғы сағат 04.00 шамасында болған жол апатына кінәлі азамат облыс орталығынан табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Самара-Шымкент» тас жолының 831 шақырымында Ақтөбеден Хромтауға кетіп бара жатқан жүргізуші жолдың шетіндегі адамды қағып кеткен. Тоқтап, оған көмек көрсетудің орнына оқиға орнынан ізін суытқан. 41 жастағы азамат апат орнында қансырап, көз жұмған.

«Полиция қызметкерлері жол апаты болған жерде табылған көлік фрагменттеріне қарап, көліктің маркасын анықтаған. Артынша, рулде отырған адамды да ұстаған. Ол Әйтеке би ауданында тұратын 22 жастағы жігіт болып шықты. Жол апатынан кейін «Опель» маркалы көлігін Хромтауға тастай салып, өзі облыс орталығына қашып кеткен», - деп жазады сайт.