Мотоцикл тізгінінде 18 жастағы жас жігіт болған
Абай облысында мас күйінде әрі мемлекеттік нөмірсіз мотоцикл мінген жүргізуші ұсталып, жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, «Омбы-Майқапшағай» автожолында мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ мотоцикл мінген жүргізуші тоқтатылды. Мотоцикл тізгінінде 18 жастағы жас жігіт болған.
Көлік жүргізушісімен сөйлесу барысында инспекторлар оның үстінен өткір алкоголь иісін сезген. Жүргізілген медициналық куәландыру нәтижесінде оның орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мотоцикл арнайы тұраққа қойылып, жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 2-бөлігі және 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар толтырылды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», - делінген облыстық ПД хабарламасында.